Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлының жетекшілігімен қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша «Oxford Qazaq Dictionary» сөздігі шыққаны туралы сүйінші хабарымыз – жарты жылдан бері еліміздің рухани, ғылыми, мәдени өміріндегі елеулі жаңалық болды.
Oxford университеті баспасының тәжірибесін зерделей отырып, нақтырақ айтқанда, Oxford English Dictionary сөздігінің лексикалық реестрі, әдістемесі мен технологиясы негізінде құрастырылған еңбекте 60 мыңға жуық сөз қамтылған. Таралмастан бұрын ҚР ҰҒА А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында арнайы талқылаудан өткен. Сөздік мектеп оқушылары мен студенттерге, тіл үйренуге ниетті жалпы қауымға арналған.
Оксфорд ағылшын тілінің сөздігі (OED) – әлемге танымал, аса беделді білім құралы. Оның ішінде ағылшын тілінде сөйлейтін барлық елден жиналған сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасы, тарихы мен қолданылуы туралы мәліметтер бар. Оның қорын біздің жаңа сөздігіміз де байыта түсті.
Жақында Маңғыстау облысында осы сөздіктің арнайы таныстырылымын өткізуді жоспарлап отырмыз. Соның алдында халықаралық деңгейде өте танымал және аса беделді білім құралы Оксфорд ағылшын тілінің сөздігі (OED) туралы толығырақ мәлімет бергіміз келеді.
Әлемге әйгілі сөздікте ағылшын тілінде сөйлейтін барлық құрлықтар мен елдерден жиналған 500 000-нан астам сөз бен сөз тіркесінің мағынасы, тарихы мен қолданылуы туралы мәлімет жинақталған. Тарихи сөздік болғандықтан OED қазіргі заманғы жаңа форматтағы ағылшын сөздіктерінен айтарлықтай ерекшеленеді. Оксфорд ағылшын тілінің сөздігінде тек мағыналарды ғана емес, сонымен қатар жекелеген сөздердің тарихи даму ерекшеліктерін де зерттеуге болады. XI ғасырдан бастап қолданылатын сөздер де мол. Мұнда классикалық әдебиет пен арнайы мерзімді басылымдардан бастап, киносценарийлер, ән мәтіндері және әлеуметтік медиада қолданылған 3,5 миллион цитатаны жинақтап, оларды талдау арқылы жасалған тіл тарихы қалыптасқан.
Оксфорд ағылшын сөздігі XI ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейін дамып жетілген ағылшын тілінің барлық түрі мен формасын құжат түрінде жинауға арналған және барлық саланы қамтитын тарихи сөздік. Бұл сөздіктегі бастапқы мақалада әр сөздің шығу тегі, мағынасы мен тарихы сипатталады. Әр сөздің қолданылу тарихы ең алғашқы пайдалана бастаған кезден бүгінге күнге дейін қалай өзгеріп отырғаны талданады.
Әр сөз немесе мағынаның қолданылуы ортағасырлық қолжазбалардан бастап әлеуметтік желілердегі мәтіндерге дейін барлық жазба деректерден алынған мысалдармен берілген. Қазіргі уақытта сөздікте 850 000-ға жуық анықтама бар және жыл сайын шамамен 15 000 анықтама толықтырылып отырады. Тілдің тарихы – оны қолданатын адамдар мен мәдениеттердің тарихы екені сөзсіз.
OED алғаш басылып шыққалы бері 150 жыл өтті. Бүгінде тілдің даму ерекшеліктерін ескере отырып, сөздік алғаш рет толық қайта қарау процесін бастан кешіп жатыр. Бұл ағылшын тіліндегі әр сөз туралы түсінікке қажетті өзгеріс енгізіп, оны бұрынғыдан да дәл нақтылай түседі.
1857 жылы тілші ғалымдардың басын қосқан Лондондағы Филология қоғамына жаңа сөздік дайындау үшін ұсыныс жасалады. Онда қолданыстағы ағылшын сөздіктерінің кемшіліктері туралы баяндалып, «Жаңа ағылшын сөздігін» жасау туралы ой айтылады. Сөздікті дайындау Ричард Ченевикс Тренч, Герберт Кольридж және Фредерик Ферниваллға тапсырылады. Әрине, мұндай ауқымды жобаға бастапқыда ойлаған мерзімнен едәуір көп уақыт пен күш жұмсалады.
Сөздік тіл тарихының барлық кезеңдеріне қатысты баспа дереккөздерден алынған сөздердің қолданылуы туралы нақты мәліметтерге негізделуі керек еді. Кольридж сөздіктің алғашқы редакторы болып тағайындалды. Кольридж бен Фернивалл ағылшын әдебиетін оқып, сөздердің қолданылуын көрсететін цитаталарды дайындайтын ерікті оқырмандар тобын жинайды. Бұл цитаталарды оқырмандар «слиптер» деп аталатын шағын қағаздарға жазып, редакцияға жіберіп отырған. Кольридж 1861 жылы қайтыс болады, оның орнына Фернивалл редактор болып бекітіледі.
1879 жылы Оксфорд университетінің баспасы сөздікті жариялауға келіседі. Сөздікті жазу ісіндегі жаңа кезең басталады. Сол кезде Филология қоғамы мүшелерінің арасынан Джеймс Мюррей жаңа редактор болып бекітіледі. Мюррей – Шотландияның тумасы. Ол ерте жастан тілге қызығушылық танытып, осы әуестігінің арқасында өзі ізденіп ғалым болған. Сөздіктің редакторы ретінде ол еріктілердің мәтіндерді оқып, сөздік құрастыруға көмектесуін қайта жандандырып бір топ қызметкердің басын темір қоймада тоғыстырып, оған «Скрипторий» деген атау береді. Алғашында ол Мюррейдің Лондондағы Милл Хилл деген жерде, содан кейін Оксфордтағы үйлерінде болған еді. Өз балаларына (оның он бір баласы болған) сөздіктің парақтарын алфавиттік ретпен сұрыптағаны үшін азын-аулақ ақша да төлеп отырған.
Мюррейдің есебі бойынша сөздікті тұтастай жасап шығу үшін он жыл қажет болады. Бес жылдан кейін, яғни 1884 жылы, кітаптың бірінші бөлімі (техникалық терминмен айтқанда – фасцикл) шығады. Ол «А» әрпін қамтыды. Бұдан отыз жыл бұрын филологиялық қоғам ойлағаннан әлдеқайда кең әрі ауқымды жұмыс атқарылып жатқанына сол кездің өзінде-ақ көпшіліктің көзі жетті. Шын мәнінде, сөздік құрастыру жұмысында сырттан келетін хат-хабардың көп болғаны сонша, Мюррейдің Оксфордтағы үйінің дәл алдына пошта жәшігі орнатылады (ол жәшік сол орнында әлі тұр дейді).
Жұмысты жылдамдату үшін Мюрреймен қатар екінші редактор ретінде Генри Брэдли тағайындалды. Кейінірек оған Уильям Крейги мен Чарльз Лук деген тағы екі редактор қосылды. Әрқайсысы өз көмекшілерімен алфавиттің әртүрлі бөлімдері бойынша жұмыс істеді. Олар бүгінде Оксфорд Ғылым тарихы музейіне айналған ғимаратта еңбек етсе, Мюррей мен оның командасы өз жұмысын Скрипториумда жалғастыра берді. 1928 жылдың сәуірінде сөздіктің соңғы бөлігі жарияланды.
Алғашында сөздік 6 400 беттік төрт томнан тұрады деп жоспарланған еді. Бірақ 250 000-нан астам негізгі мақала мен 2 миллионға жуық цитатадан тұратын он томдық еңбек болып шығады. Сөздік «А new English Dictionary on Historical Principles» – «Тарихи принциптерге негізделген жаңа ағылшын сөздігі» деген ерекше атпен жарық көрді. Кейін келе ол Оксфорд ағылшын сөздігі деген атпен де белгілі болады. Мюррей мен Брэдли қмірден өтіп, бұл еңбектің жарыққа шыққанын көре алмай кетті. Мюррей 1915 жылы қайтыс болады.
Тіл әрдайым өзгеріп отыратындықтан, бірде-бір сөздіктің ешқашан толық аяқталып, нүктесі қойылмайды. Сөздіктің бірінші нұсқасын дайындау үшін елу жыл жұмыс істеген редакторлардың жұмысы да бұл заңдылыққа бағынады. Бастапқы он том дайын болған соң, қалған екі редактор Крейги мен Лук сөздікке толықтыру ретінде бір томдық арнайы еңбекті құрастыра бастайды. Ол 1933 жылы жарық көреді. Сонымен қатар бірінші басылым он екі томдық болып қайта жарық көреді де «Оксфорд ағылшын сөздігі» деген өзінің ресми атауына ие болады.
1857 жылы Филология қоғамы алғаш рет ағылшын тілінің жаңа сөздігін құрастыру жөнінде шешім қабылдағаннан кейін араға тура бір ғасыр салып, яғни 1957 жылы Роберт Берчфилд жаңа қызметкерлермен бірге жаңа толықтырудың редакторы міндетін өз мойнына алып, оқырмандардан қайтадан көмек сұрайды. Бастапқыда «Толықтыру» жобасы шамамен 1300 беттен тұратын бір томдық жұмыс ретінде оны құрастыру үшін жеті жыл уақыт кетеді деп есептелген еді. Дегенмен, жұмыс барысында 5750 беттен тұратын 4 томдыққа айналып кетеді. Толықтыру 1972-1986 жылдар аралығында жарияланады. Бұл Ұлыбританияда баспа ісінде ескі саналатын «ыстық әдіспен» басып шығарылған ең соңғы үлкен кітаптардың бірі еді.
1980 жылдардың басында баспа монументалды сөздікті қазіргі дәуірге қалай икемдеу керегін ойластырады. Сөздікті құрастырудың дәстүрлі әдістері енді жарамайтыны белгілі болды. Мәтінді қайта қарауды бастамас бұрын бірінші басылым мен толықтыруларды біріктіру туралы шешім қабылданады. Ол үшін деректерді электронды форматқа аудару қажет болды, содан кейін мәтіндерді сыртқы авторлардың көмегімен біріктіруге және өңдеуге мүмкіндік туар еді. Сол себептен жұмысты жүргізу үшін лексикографтармен қатар жоба менеджерлері мен жүйелік инженерлер қажет болады. Баспа «Жаңа Оксфорд ағылшын сөздігі» жобасын құрып осы жұмысқа 1984 жылы толықтай кіріседі.
Джон Симпсон мен Эдмунд Вайнер бірлескен редакторлар ретінде Оксфордтағы лексикографтардың негізгі тобын басқарды. Олар жаңа электрондық мәтінді тексеріп, редакциялап, өңдеп, сөздікке 5000 жаңа сөз бен мағына қосады. Жалпы алғанда, қызметкерлер жұмыстың 85% бағдарламалық құрал арқылы жасап шығады. Ал қалған 15% редакторлар тікелей араласқан еді. Бұл үлкен жобаның шарықтау шегі мәтінді теру мен оны басып шығару болады. Осының бәрі атқарылған соң 1989 жылы уақытынан кешікпей Оксфорд ағылшын сөздігінің екінші басылымы жарыққа шықты. Бұл жинақтың көлемі 22000 беттік жиырма томды құрайды.
1990 жылдары OED-ті жан-жақты қайта қарау жұмыстары басталады. Ондағы мақсат толық жаңартылған мәтін жасау еді. Сол арқылы әр материал жаңа құжаттық дәлелдер, ғылым саласындағы заманауи жетістіктер және жаңа мақалаларды ескере отырып қайтадан жан-жақты қаралды. Бұл Джеймс Мюррей мен оның замандастары құрастырып, 1928 жылы жарыққа шыққан бірінші басылымдағы материалдардың алғаш рет өңделуі еді.
Сөздіктің электронды нұсқасының болуы басқа баспа форматтарын қолдануға мүмкіндік берді. 1987 жылы бірінші басылымның CD-ROM нұсқасы шығарылды, ал 1992 жылы бір компакт-дискіде екінші басылым да шықты. Сөздіктің дискідегі нұсқасы оның алғашқы кітап түрінде сөреде бір метрден астам орын алып, салмағы 70 килограмға жуық жиырма томдық еңбек болған кезінен қатты ерекшеленетін. Оны CD-ROM-да жарыққа шығару өте пайдалы әрі сәтті болды. Цифрлық формат ақпаратты іздеу және алу үшін сөздікті қолдану ісінде жаңалық болды. Бұл болашақта Оксфорд ағылшын сөздігі жасайтын технологиялық прогреске ашылған терезе секілді еді.
2000 жылы OED Online іске қосылды. Сөздік қолданушыларға бұрынғыдан да қолжетімді болды. Сондай-ақ ол үшінші басылымның материалдарын онлайн нұсқаға тоқсан сайын жүктеп отыруға мүмкіндік берді.
Енді ширек ғасырдай алға озып, бірден 2024 жылға өтсек. Осы кезде OED Online сайты өзгеріп, соның нәтижесінде бүгінгі қолданыстағы платформа пайда болды. Қазір де үш ай сайын сөздікке өзгерістер енгізіліп отырады. Оны OED Online сайтынан көре аламыз. Жиырма бес жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан бұл батыл бастама толықтай жаңартылған Оксфорд ағылшын сөздігін жасап шығуға мүмкіндік берді.
Сөздер OED жүйесіне қалай түседі?
Ағылшын тіліне сөздер түрлі жолдармен келеді. Оксфорд ағылшын сөздігінің міндеті – сөздердің бүкіл тарихын жазу. Ол сөздердің пайда болған кезінен бастап барлық даму жолын қамтиды.
Сөзді OED-ге қосу мүмкіндігін қарастыру үшін оны алдымен сөздіктің «Бақылау тізімі» деректер базасына енгізу қажет. Бұл тізімге арналған материалдар түрлі дереккөздерден келеді. Ол – жергілікті Оксфорд ағылшын сөздігінің өз оқу бағдарламалары, көпшілікке жасалған краудсорсингтік қоңыраулар және қолданыстағы тілдің үлкен деректер қорына жасалатын кең көлемді талдау. Соңғы әдістің қолданылуы уақыт өткен сайын көбейіп келеді.
OED редакторлары жыл сайын осы дереккөздерден ұсынылатын мыңдаған сөзді қарастырып, олардың әрқайсысын талдайды. Сөздікке енгізіліп, онда жазылуға әлі лайық емес, ол үшін жеткілікті дәлел жинап үлгермеген сөздер ары қарай да бақылау тізімінде қала береді. Ал тұрақты түрде және жиі қолданылатын сөздерді редактор белгілеп отырады.
Редакторлар осы уақытқа дейін берілген сөздер бойынша жиналған ақпаратты зерттеуден бастайды, содан кейін сөздің дамуын бақылау үшін өз зерттеулерін жасайды. Бұл жұмыс оларды газет мұрағаттарында, онлайн форумдарда, ғылыми зерттеулерде, журналдарда, құқықтық трактаттарда, рецепт кітаптарында немесе әлеуметтік желілерде жарияланған сөздерді іздеуге әкелуі мүмкін. Егер ең басты мысал кітапханада немесе мұрағатта ғана болып, оған цифрлық жолмен қол жеткізу мүмкін болмаса, онда редакторлар оны табу үшін бүкіл әлемдегі мекемелерде жұмыс істейтін OED зерттеушілерінің желісінен көмек сұрай алады.
Редактор сөз туралы толық мәлімет жинап алған соң оны OED ішінде жазу үшін сөздік мақала жасай бастайды. Оксфорд ағылшын сөздігінде мақаласы жоқ сөздер үшін бұл жұмыс сөздің өзінен, яғни бас сөзден басталады. Ол оның айтылуы, формалары, этимологиясы, анықтамасы, қолданылу мысалдары және кез келген басқа мағыналары немесе онымен байланысты сөз тіркестерін қамтиды. Қолданыстағы сөздердің жаңа мағыналары олардың жаңадан қолдану мысалдарымен бірге жазбаға хронологиялық түрде енгізіледі.
Бұл жұмысты маманданған бірнеше топ атқарады. Олардың ішінде сөздің ең көп таралған айтылу нұсқаларын көрсететін аудио файлдар мен транскрипцияларды жасайтын айтылым редакторлары және цитаталарды тексеретін библиографтар болады.
Сөздіктегі мақалаға әр топ қол қойғаннан кейін ол пысықтау тобына жіберіледі. Ол топтың құрамына бас редактор мен сөздік редакторының орынбасары кіреді. Кез келген сөз Оксфорд ағылшын сөздігінде өз орнын алмас бұрын ол осы жерде тағы да толық қаралып, бекітіледі.
Дайын болған сөздіктегі мақалалар OED online веб-сайтындағы тоқсан сайынғы жаңартуларда жарияланады. Әр жаңарту соңғы санға қатысты ескертулермен қатар жүреді. Ол жерде соңғы сөздер жиынтығындағы негізгі тақырыптар мен жаңа толықтырулар қарастырылады.
Нәзік және намысқа тиетін немесе қарсылық туғызатын мазмұндарды қалай түсінеміз? Сезімтал мазмұн дегеніміз не және ол Оксфорд ағылшын сөздігіне неге енгізілген? Сезімтал мазмұн – бұл, әсіресе, діни, нәсілдік, жыныстық, саяси, мүгедектік себептерге байланысты оқырман тарапынан әдепсіз, дөрекі немесе тыйым салынған деп табылып, оны ренжітетін кез келген ақпарат.
OED-сипаттамалық сөздік, яғни оның редакциялық саясаты тілді қалай қолдану керектігін айту немесе көрсету емес. Ол – нақты деректер арқылы тілді сипаттау және оның пайдаланылу барысын анықтау.
OED-тің тарихи сөздік ретіндегі мақсаты – ағылшын тіліне және оның бүкіл әлемде, өткен және қазіргі кездегі қолданылуына толық шолу жасау. Тұрақты қолданылатын және оған нақты дәлел бар кез келген сөздер немесе мағыналар тілдің барлық регистрлерінде – жаргоннан бастап ресми қолдануға дейін тілдің бір бөлігі болып саналады. Сөздікте ол кейбір адамдардың реніші мен қарсылығын тудыруы мүмкін болады екен деп тіл цензураға ұшырамайды.
Кез-келген адам осындай терминнің мағынасы мен тарихын білгісі келсе, бұл ақпаратты OED-тен нақты, бейтарап түрде сипатталған формада таба алуы керек. Дегенмен, барлық адамды қорлайтын немесе намысқа тиюі мүмкін материалдар мейілінше дұрыс белгіленеді. Сондай-ақ редакциялық мәтіндер дұрыс тұжырымдалып, мұндай тақырыптарға мейілінше сілтеме жасамауға күш салынады. Олар тек аса қажет және контекстке сай болса ғана мүмкін болады.
Наурызбек КӨЛДЕУБАЕВ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы МОФ төрағасы,
MBA магистранты.